Қазақстанда 70 медициналық және 50 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің отырысында өңірлерді дамыту, көлік-логистика жүйесін жетілдіру және әлеуметтік нысандар салу мәселелері талқыланды. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі мәлім етті.
Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбековтің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерін іске асыру мәселелері талқыланды. Жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров, депутаттар және жауапты министрліктердің өкілдері қатысты.
Комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков жиынның ашылуында Президент Жолдауының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған стратегиялық құжат ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты міндеттерді белгіледі.
— Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Біздің комитет бұл бастаманы толық қолдайды. Жолдауда айтылған өңірлерді дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді қатысамыз, — деді Әмірбек Оспанбеков.
Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы міндеттерге тоқталып, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғыртудың маңызын атап өтті.
— Мемлекет басшысы жаңа автомобиль және теміржолдар, өндірістік және энергетикалық нысандар, көпірлер салуды тапсырды. Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды жоспарын әзірлеуі керек. 2029 жылдың соңына дейін бұл мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражат қоғамға барынша пайда әкелетін жобаларға ғана жұмсалуы тиіс. Әрбір жобаның экономикалық және әлеуметтік тиімділігі басты назарда болуы керек. Президент құрылыс жұмыстарының барысы қатаң бақылауда болатынын да атап өтті, — деді Нұрлан Бекназаров.
Сонымен қатар әрбір ірі қаланың Үкіметпен келісілген орта және ұзақ мерзімді даму жоспары әзірленуге тиіс. Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы еліміздегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ. Вице-спикердің айтуынша, бұл бастама жүздеген мың жаңа жұмыс орнын ашуға, халықтың табысын арттыруға және өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаттары Ербол Данағұлов, Бегалы Ералиев, Замир Сағынов және Марат Шибұтов көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Олар теміржолдар мен автомобиль жолдарын жаңғырту, көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттыру, жүк тасымалының үзіліссіздігін қамтамасыз ету және шекарадағы өткізу инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін көтерді.
Депутаттардың пікірінше, бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелі жүргізу Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді және отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жолдаудағы міндеттерді іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев және Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов баяндады.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, өңірлерде шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар. Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларында шамамен 50 нысанның құрылысы басталады.
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға қомақты қаражат бөлінеді. Үкіметке жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеу тапсырылды.
Жиын барысында мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Отырысты қорытындылаған комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру үшін депутаттар мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
— Көлік-логистика саласында Көлік министрлігінің қатысуымен көшпелі және тақырыптық отырыстар өткіземіз. Сонымен қатар жол саласын реформалауға және автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған заң жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды, — деді Әмірбек Оспанбеков.
Еске сала кетейік, 28 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.