Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметте мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады

«Жалпы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту 2009 жылдан басталып, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 60 пайызы – еңбек жасындағы азаматтар. 26 пайызы – зейнет жасында. Тағы 14 пайызы – балалар. Олардың қоғаммен етене араласуын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдануда», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Еңбек министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүгедектігі бар азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қосымша шара қабылдауды көздейтін заңға қол қойғанын еске салды.

Заңның орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тамыз айының соңына дейін 300-ден астам заңға тәуелді актілер өзектендіріледі.