Қазақстанда 75 мекеменің жұмысшылар алдындағы берешегі 828 млн. теңгені құрайды - Еңбек министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 75 мекеменің 6748 жұмысшыға 828 млн. теңге берешегі бар. Бүгін Парламент Мәжілісінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.
Еске сала кетейік, жалпы отырыста палата депутаттары «Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.
Конвенцияны талқылау барысында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстанда жалақының тұрақты түрде төлену мәселесін қамтамасыз етуді көтерді. «Конвенцияның 15-бабында «жалақы тұрақты түрде төленеді» деп жазылған. Ал біздің елімізде, көп жағдайда жалақы уақтылы төленбей келеді», - деді депутат.
Өз кезегінде министр Тамара Дүйсенова өкінішке қарай, еліміздегі жұмыс берушілердің уақтылы еңбекақыны төлемеу фактілері бар екенін алға тартты. Осыған орай, облыс әкімдіктері жанынан аталмыш мәселеге қатысты арнайы штабтар құрылып, жұмыс жасап келеді.
«2013 жылдың басында жалпы жұмыс берушілердің еңбекақы бойынша берешек қарызы 1,1 млрд. теңгенің көлемінде болған еді. Ал ағымдағы жылғы 21 ақпандағы жағдай бойынша республикамыздағы 75 мекеменің 6748 жұмысшыға 828 млн. теңге берешегі бар. Бұлар бойынша Үкімет жанында үшжақты комиссия жұмыс жасап жатыр», - деді Еңбек министрі.