Қазақстанда 8 деңгейлі ұлттық біліктілік жүйесі енгізіледі - Т. Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 8 деңгейлі ұлттық біліктілік жүйесі енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Еске салайық, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.
«Келісімге сәйкес, елімізде ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және енгізу көзделеді. Бұл жүйе әлемнің барлық дамыған елдерінде бар және ол дамыған елдерде сегіз біліктілік деңгейін қамтиды. Оның ең төменгі сатысы орта мектептік білімі бар азаматтар болатын болса, одан кейінгі деңгейде: орта, орта мамандандырылған, бакалавриат, жоғары, магистратура, PhD санаттары болып бөлінеді. Осы біліктілік санаттарына қарап азаматтарға жұмыс орындары атқарылатын жұмыс көлемі мен еңбекақы деңгейін белгілейді», - деді Тамара Дүйсенова.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанның қолданыстағы біліктілік жүйесі тек үш сатыдан тұрады, олар: орта, орта мамандандырылған, жоғары біліктілік. «Ал қазір азаматтық қызметшілер бакалавриат, магистратура немесе PhD деңгейлерін иеленсе, олардың бұл деңгейіне қарамастан бірдей көлемде жұмыс та, еңбекақы да белгіленіп отыр», - дейді министр.
Оның айтуына қарағанда, аталған кемшіліктердің орнын толтыру мақсатында Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба бойынша біліктілік деңгейі қайта қарастырылып, дамыған мемлекеттердің деңгейіне сәйкестендіру көзделеді.
Еске сала кетейік, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі Қазақстанға Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобаны қаржыландыруға 100 млн АҚШ доллары сомасында қарыз беретін болады.