Қазақстанда 8 мамырда өтетін маңызды шараларға шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанда 8 мамырда өтетін маңызды шаралар легін ұсынады.
АСТАНА
Сағат 10:00-де Орталық қалалық зиратта 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алып, қайтыс болған ақмолалық жауынгерлердің қорымында дәстүрлі түрде гул шоқтарын қою рәсімі өтеді.
АЛМАТЫ
Сағат 14.00-де Алматы қаласындағы арбатта шаһардың жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қоры жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Біз - батырлар ұрпағымыз» атты патриоттық акция өткізеді. Шара аясында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жастар қала тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтайды.
Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан алматылықтардың суреті қойылған фотоэкспозиция ұйымдастырылады.
Ал, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде алғашқы рет ұлттық белдесуден «Халық Барысы» республикалық турнирі өтеді.
«Халық Барысы» - бұл Халықаралық қазақ күресі федерациясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақстан Барысы» қазақ күресі қоры мен Алматы қалалық әкімдігінің бірлескен жобасы.
Шығыс Қазақстан облысы
Сағат 11:00-де Өскемен қаласының Солнечный елді мекеніндегі қарттар үйінде Жеңіс күніне арналған қайырымдылық шарасы өтеді.
Солтүстік Қазақстан облысы
Сағат 10:00 және 10:30-да Даңқ обелискіне, 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
АТЫРАУ
Сағат 9.00-де Қайыршақты ауылдық округінде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Сағат 10.00-де Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқандарға және 1921 жылы Гурьев қаласында Кеңес үкіметін орнату жолында қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтеді.
Сағат 10.00-де Атырау қаласындағы №2 орта мектепте Ә .Молдағұлованы еске алуға арналған нысана көздеуден қыздар арасында қалалық турнир өтеді.
Сағат 11.00-де «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері Жақсығали Есембаевтың атына берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.