Қазақстанда 800 адам шошқа тұмауын жұқтырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 800 адам шошқа тұмауын жұқтырды. Бұл жайында ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Қазақстанда 800 адам шошқа тұмауын жұқтырды

«Эпидемиологиялық маусым (2015 жылдың 1 қазаны) басталған уақыттан бері жоғары тыныс жолдарының жұқпалы дерті (ОРВИ) 350 мыңнан астам рет тіркелді. Оның ішінде 911-і зертхана арқылы тұмау екендігі, ал оның 800-і немесе 87,3 пайызы А(H1N1) шошқа тұмауы екендігі дәлелденді. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі 14 жастағы балалар және олар жалпы ауырғандардың 70 пайызын құрайды», - деді Ж.Бекшин.

2010 жылдың тамызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры А/H1N1 вирусының 6-ші фазасының аяқталғанын жария еткен болатын. Осы уақыттан бері бұл тұмаудың вирусы А/H1N1-09 деп аталады және маусымдық тұмаудың бір түріне жатқызылған.