Қазақстанда 800-ге жуық бала тегін инсулин помпаларымен қамтамасыз етілген - Денсаулық сақтау министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 780 бала тегін инсулин помпаларымен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
2012 жылы Қазақстанда жаңа технология ретінде 5-15 жас аралығындағы балаларды емдеудің помпалық инсулин терапиясы енгізілген болатын. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен инсулин помпалары сатып алынды.
«Қазақстан - сусамырға шалдыққан балаларды тегін емдейтін әлемдегі аз мемлекеттердің бірі.
Қазргі уақытта 780 бала инсулин помпаларымен тегін қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде олардың өмір сүру сапасын жақсартып, мүгедектікті азайтуға мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, инсулинмен қатар республикалық бюджеттен балаларға оны қабылдауға қажетті құралдар да сатып алынады.
2014 жылдан бастап, бұл жобаны кеңейту жөнінде шешім қабылданды және оған 1 және 18 жас аралығындағы бала мен жасөспірімдерді қамту көзделген.