Қазақстанда 9 айда 60 млн. тонна мұнай өндірілді - Энергетика министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала мәліметтер бойынша, ағымдағы жылдың 9 айында елімізде мұнай өндіру 60 млн. тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 99,2 пайызды құрайды.

Қазақстанда 9 айда 60 млн. тонна мұнай өндірілді - Энергетика министрі

Бүгін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті.

«Былтырғы жылы біз жалпы алғанда 81,8 млн. тонна мұнай өндіргенбіз. Биыл бұдан 2 млн. тоннаға артық өндіреміз деп жоспарлаған едік. Алайда, Қашағандағы іркілістердің салдарынан бұған қол жеткізу мүмкін болмайын деп тұр. Дегенмен, Үкімет біздің алдымызға былтырғы деңгейге шығу туралы міндет жүктеді. Біз осы бағытта арнайы жоспар құрдық», - дейді В. Школьник.

Оның айтуынша, есепті кезеңде Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары 10,99 млн. тонна мұнай өңдеген, бұл былтырғы жылғы көрсеткішке қарағанда 101 пайызды құрайды. Сонымен қатар, 9 айда елімізден 47,4 млн. тонна мұнай экспортталған.