Қазақстанда 92 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 7 миллионнан астамы пайдаланылмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жалпы көлемі 92 миллион гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 7 миллионнан астамы пайдаланылмайды. Бұл туралы бүгін Сенатта «Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылық жерлерін пайдалану жағдайы және жер ресурстарын басқару заңнамасын жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

Қазақстанда 92 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 7 миллионнан астамы пайдаланылмайды

Жиын барысында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников Қазақстанның әлемдік экономикаға белсенді енуі, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жер ресурстарын тиімді пайдалануға елеулі түрде байланысты екеніне назар аударды. Депутаттың айтуынша, жер көлемі бойынша Қазақстан әлемдегі ірі мемлекеттердің ондығына кіреді, ал жермен қамтамасыз ету деңгейі жан басына шаққанда Аустралия мен Канададан кейін әлемде үшінші орын алады. «Ауыл шаруашылығына арналған жер ерекше құқыққа ие және осы сипаттағы жер көлемі еліміздің жер қорының құрамында 98,6 миллион гектар немесе еліміздің жалпы аумағының 36 пайызын құрайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда жеке және заңды тұлғаларға берілген жердің пайдаланылмауы ең көкейкесті мәселе болып отыр. Еліміздің ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша 2012-2014 жылдарда жүргізілген жерді түгендеу қорытындысына сәйкес, жалпы көлемі 92 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерінің 7 миллионнан астамы пайдаланылмайтыны анықталды», - деді сенатор.

Жиын барысында жер төңірегіндегі бірқатар өзекті мәселелер сөз болды. Осыған қатысты мүдделі министрлік өкілдерінің баяндамасынан соң Сенат депутаттары бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, сенаторлар Үкіметке агроөнеркәсіп кешені субъектілерін мемлекеттік қолдаудың қолға алынған шараларымен қатар «Агробизнес - 2020» бағдарламасымен мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын жүзеге асыруды ұсынады. Бұдан бөлек, қазіргі заманғы агротехнология өндірісін енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен өндірісін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет деп санайды.