Қазақстанда 98 жастағы пациенттің жүрегіне күрделі ота жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы пациенттің жүрегіне күрделі операцияны сәтті жасады.
Заманауи медициналық технологиялардың көмегімен мамандар зақымданған жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай-ақ ауыстырды. Операция небәрі 45 минутқа созылып, асқынусыз өтті.
Операцияны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізді.
Пациентке аорталық стеноз диагнозы қойылған. Бұл — жүрек қақпақшасының тарылуы қан ағымының бұзылуына, жүрекке түсетін жүктеменің артуына және ауыр жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін ауру.
Пациенттің жасы ескеріліп, дәрігерлер заманауи аз инвазивті TAVI технологиясын қолданды. Бұл әдіс жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай және жасанды қан айналымы аппаратын қоспай, сан аймағындағы кішкентай тілік арқылы ауыстыруға мүмкіндік береді.
— Бүгінде біз жасы өте ұлғайған пациенттерге де көмек көрсете аламыз. Олардың өмірін ұзартуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік бар. Бес жыл бұрын осындай операцияны 94 жастағы пациентке, төрт жыл бұрын 96 жастағы пациентке сәтті жасадық. Енді 98 жастағы пациентке де көмектестік, — деді институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
Операцияның нәтижесі бірден байқалды: жаңа қақпақша толыққанды жұмыс істеп, қан ағымының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Қазіргі уақытта пациент дәрігерлердің бақылауында.
Операцияны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған дәрігерлер тобы орындады.
Айта кетелік жүрек ауруларын ерте анықтауға жасанды интеллект көмектесетіні туралы жазған едік.