Қазақстанда АӘК тағайындағанда азаматтардың кредиті мен депозиті ескеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының табысымен қатар банктік қарыздары, депозиттері мен қаржылық операциялары да ескеріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

жәрдемақы
Фото: Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру мақсатында АӘК тағайындау және төлеу қағидаларына отбасының қаржылық жағдайын бағалауға қатысты қосымша өлшемдер енгізілген.

– Атап айтқанда, азаматтардың банктік қарыздары мен микрокредиттері, банк шоттары бойынша шығыс операциялары, сондай-ақ жинақ салымдары мен депозиттері назарға алынады. Бұл өзгерістер отбасының материалдық жағдайын тек ресми табысына қарап емес, оның шығыстары мен қолда бар қаржылық ресурстары негізінде бағалауға бағытталған, - делінген жауапта.

Сонымен қатар ақпараттық жүйелердегі деректерді пайдалану және учаскелік комиссиялардың жұмысын цифрландыру арқылы отбасылардың материалдық жағдайын бағалау тәртібі жетілдірілген.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шаралар әлеуметтік көмектің шынымен мұқтаж отбасыларға тағайындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Үкімет қаулысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары айқындалды.