Қазақстанда «Абай» және «Әл-Фараби» телеарналары ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» екі жаңа телеарна ашылады. Бұл телеарналар мәдениеттің байлығы мен мұрасына арналған жаңа білім беру-ағартушылық телевизиялық жоба болмақ. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда «Абай» және «Әл-Фараби» телеарналары ашылады

«Министрлік тарапынан отандық ақпарат кеңестігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен дамыту бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде. Қазіргі кезде Қазақстанда жаңа екі, яғни «Абай ТВ», «әл-Фараби» телеарналарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында.

Оның сөзіне қарағанда, «Абай ТВ» телеарнасы ертең - 30 маусымнан жұмысын бастайды. Ол «Қазақстан» ТРК» құрамына кіреді және отандық мәдениет мұрасын насихаттайтын арна болады.

Екінші тележоба - «Әл-Фараби» телеарнасы. Ол «Хабар» телеарнасының базасында жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетіле бастайды. «Әл-Фараби» телеарнасы оқу-ағарту телевизиялық платформа болады және 6-18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналады.