Қазақстанда ABS, қауіпсіздік жастығы жоқ көлік шығарыла ма – министрлік түсіндірмесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда қауіпсіздігі төмендетілген көліктер шығарылатыны туралы ақпаратқа қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 22 қазандағы №843 қаулысының, атап айтқанда «ҚР аумағында өндірілетін жекелеген доңғалақты көлік құралдарына қатысты міндетті талаптарды қолдану және олардың сәйкестігін бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» нормаларының қате таралуына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған құжаттың маңыздылығы мен қоғамға дұрыс жеткізілуін түсіндіруді орынды деп санайды» делінген хабарламада.

Ведомство мәліметіне сай, бұл қаулы ЕАЭО елдері қол қойған «Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылдың 5-ші сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданған.

«Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпанына дейінгі заңды күші бар қаулысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жастықтарымен жабдықталмаған және экологиялық санаты төмендетілген автокөліктерді шығаруға тікелей құқық бермейді» делінген ведомство мәліметінде.

Сондай-ақ, министрлік жолдаған түсіндірмеде тиісті жүйелермен жабдықталмаған автомобильдерді шығаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір компоненттерді орнатпауына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттаудан өткізу және оның қауіпсіз болуы міндетті екені айтылған.

«Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімдерінде қарастырылған. Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарыла алмайды. Сондықтан өндірушілер «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтап келеді», - деп мәлімдейді министрлік.


Соңғы жаңалықтар