18:47, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанда адам саудасының құрбандығына айналудан сақтандыратын үгіт-насихат пойыздары жүргізіледі
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шаралары кезінде адам саудасының құрбандығына айналудан сақтандыратын үгіт пойыздары жүргізіледі.
Оны бүгін Алматыда наурыздың 10-20 күндері өтетін республикалық «Адам саудасының құрбаны болмаңыздар!» акциясын ұйымдастырушылар мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл пойыздардың үгітшілері жол бойындағы стансыларда өздерінің насихат жұмыстарын жүргізіп, адам саудасына қарсылық білдірушілердің қолын жинайды. Бұл адам саудасына қарсылыққа арналған еліміздегі алғашқы үгіт пойыздары болып отыр. Бұған дейін тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы үгіт пойыздары ұйымдастырылған болатын», дейді «Родник» Әйелдер мен балалардың әлеуметтік-психологиялық бейімдеуді жүзеге асыру орталығы» қоғамдық қорының директоры Нина Балабаева. Оның айтуынша, акция кезінде алғашқы үгіт пойызы наурыздың 11-і күні таңғы 8:30-да Астанадан шығатын Астана-Алматы бағытындағы №16 пойыз болады. Екіншісі наурыздың 12-сінде 07:30-да Астанадан шығатын №86 Астана-Сарығаш бағытындағы пойыз болмақ. Бұдан өзге, наурыздың 12-сінде 15:03-те «Алматы-Астана» бағытындағы №15 пойыз Алматыдан Астанаға, ал Сарығаш-Астана бағытындағы №85 үгіт пойызы наурыздың 13-інде Сарығаш стансысынан Астанаға бет түземек. Орталық Азияның адам саудасына қарсы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Екатерина Бадикованың сөзіне қарағанда, жыл сайын адам саудасы қызметін елімізде 200-300 адам пайдаланады. Адам саудасының құрбандығына айналушылар арасында шетелге алдап және өзге де жолдармен апарылатын қазақстандықтар ғана емес, республикаға көршілес мемлекеттерден құлдыққа әкелінетіндер де бар. Олардың ішінде жас әйелдер жезөкшелік пен күңдікке, ал жастар мен орта жастағы еркектер дала жұмыстарына құлдыққа жегіледі.