Қазақстанда адвокатура институты қалыптасты, бірақ олардың саны жеткіліксіз

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанда адвокатура институты қалыптасты, бірақ олардың саны жеткіліксіз.
None
None

Бұл пікірді бүгін елордада өткен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында аталған комиссия хатшысы Тастемір Әбішев білдірді.

«Жалпы Қазақстанда адвокатура институты қалыптасты, бірақ олардың саны жеткіліксіз. Сондықтан олардың сапасын арттырып, санын көбейту қажет», деп атап өткен ол адвокаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету керектігін де баса айтты.

Оның пікірінше, адвокаттардан біліктілік емтиханын алу үрдісін облыстарда, сондай-ақ қалаларда орналасқан республикалық деңгейдегі адвокаттар алқасына берген жөн. Сонымен қатар еліміздің Конституциясына сәйкес кез келген азамат заң көмегіне жүгінуге құқылы екендігін айтқан Т.Әбішев, «біздің елдің азаматы, елімізде тұрақты және уақытша тұратын шетелдің азаматтары білікті заңгерлік көмек алуға құқы бар. Заңмен көзделген реттерде азаматтар құқықтық көмекті ақысыз, тегін ала алады делінген. Дегемен осы тетік бізде әлсіздеу. Біз осы мәселеге көберік көңіл бөлетін боламыз», деді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылауға арналған отырыс барысында еліміздегі адвокатура институтының жай-күйі, халыққа заңгерлік қызмет көрсетудің деңгейі, қарапайым халық, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалатын топтарының білікті заңгерлік көмек алу деңгейі қандай деген мәселелер жан-жақты талқыға салынды.

Алқалы жиын барысында қабылданған шешімдер ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелерінің назарына ұсынылып, ел Үкіметі мен Парламентіне жолданатын болады.

Соңғы жаңалықтар