Қазақстанда АЭА инфрақұрылымына 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын құруға 400 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Мұның төрттен бірінен астамын жеке инвестициялар құрайды. Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлімдеді.
«Жалпы арнайы экономикалық аймақтар қызметінің барлық кезеңінде республикалық бюджеттен инфрақұрылым құрылысына 97,0 млрд. теңге бөлінген. Жобаға салынған жеке инвестициялар көлемі 308 млрд. теңге», - деді А.Рау. Оның айтуынша, еліміздің арнайы экономикалық аймақтары аумағында 270 млрд. теңге сомаға өнім өндіріліп, 28 млрд. теңгеге жуық салық түсімдері жасалды. «Яғни бөлінген қаражаттың шамамен үштен бір бөлігі қайтарылып отыр. Жалпы, соңғы төрт жылда бюджеттен шамамен 44 млрд. теңге бөлініп, жеке инвестицияларға 82 млрд. астам теңге тартылды. Бұдан өзге, 2009 жылдан бастап арнайы экономикалық аймақтар кәсіпорындары 224 млрд. теңгеге өнім өндірді. Бұл аймақтардың жұмыс жасау кезеңіндегі жалпы көлемнің 80 пайыздан астамын құрайды», - деді вице-министр.