Қазақстанда АЭС салу жұмыстары қалай жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасы технологияларды зерттеу сатысында тұр. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Біз қазір технологияны зерттеу сатысында тұрмыз. Бұл жұмысты «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы жүргізіп жатыр, келіссөздер жасалып, тәжірибе зерттелуде», - деді Ж. Нұрмағанбетов елордада ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысында тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстан өкілдері Оңтүстік Кореяға барып келді. Корей тарапы құрылыс бөлігі бойынша жобаға енуді және кез келген реактор жеткізушісімен бірлесіп жұмыс істеу ұсынысын білдірген.

«Яғни консорциум құру. Турбиналар америкалық, құрылыс қазақстандық-кореялық және басқалай болуы мүмкін. Осы тәсілдердің барлығы қазір пысықталып жатыр», - деп түсіндірді вице-министр.

Ж. Нұрмағанбетов жобаны жүзеге асыру тәртібі халықаралық нормалармен реттелетінін айтты. Технологияларды таңдау бойынша шешім жақын арада жарияланады. Жобаның барлық материалдары 2022 жылдың екінші жартыжылдығында ведомствоаралық комиссияның, Үкіметтің қарауына шығарылады.

Бұған дейін спикер 2035 жылға қарай Қазақстан энергетикасына 24,5 гигаватт қажеттілік болатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар