Қазақстанда ағаш өңдеу саласының көрсеткіштері өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан орман алқабы аз елдердің қатарында. Соған қарамастан елде ағаш өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері ұлғая түскен.

Қазақстанда ағаш өңдеу саласының көрсеткіштері өсті

Бұл мәселе бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» аясында ағаш өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелері бойынша өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз елдердің қатарында. Қазіргі уақытта орман қорының ауданы 30,4 млн гектарды құрайды, оның 13,3 млн гектары орманмен қамтылған. Ормандылық көрсеткіші 4,9% құрайды. Негізгі ағаш қоры Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі.

«Қазақстан Республикасы 2012 жылдан бастап үшінші елдермен сауда жүрізуде ағаштың жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салған, бұл елдің орман қорын сақтау бағытындақолға алынған шара. Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру құрылымында ағаш шикізатын бастапқы өңдейтін өнімдердің үлесі басым. Бүгінгі таңда кәсіпорындар жаңа тауарлар өндірісін игерді, нарықта ОСБИ плиталары, ламинатталған панельдер, ағаш шере пайда болды», - деп атап өтті М.Андаков.

Қазіргі уақытта салада 360-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың басым бөлігі - шағын зауыттар. Саланың дамуы Алматы, ШҚО және Астанада байқалады. Бұл орман қорының көлемділігімен және ресурстардың қолжетімділігімен, сондай-ақ үлкен ішкі нарықтың болуымен байланысты.

Өз кезегінде ағаш өңдеу өнеркәсібі өндірісі жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, 2021 жылы саланың өнім өндіру көлемі 29,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,9% - ға өсті. Биылғы қаңтар-қыркүйекте өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңнің көрсеткішінен 4,1% - ға жоғары.

Айта кетейік, жиынға ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің, «Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.



Фото: t.me/miirkz