Қазақстанда ағынды сулар арқылы есірткінің таралу деңгейі зерттеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ағынды сулар арқылы есірткінің таралу деңгейін анықтауға бағытталған химиялық-токсикологиялық зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтилесов мәлім етті.
Оның айтуынша, ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша 2024 жылы алғаш рет ағынды суларға кешенді зерттеу жүргізілген. Зерттеу барысында ойын-сауық орындары мен білім беру мекемелерін қоса алғанда, 18 нысаннан сынама алынған.
– Ағынды суларды зерттеу нәтижесінде кейбір үлгілерден психоактивті және психотроптық заттар, сондай-ақ «дизайнерлік есірткілер» – мефедрон, альфа-PVP, амфетамин және спайс түрлері анықталды. Бұл зерттеулер қолданылған әдістеменің тиімділігін және оның еліміздегі есірткі ахуалын бақылаудағы маңызын көрсетті, - деді ол.
Бақытжан Байтилесовтің мәліметінше, зерттеулерді жүргізу үшін жоғары тиімді сұйықтық хроматографтары сатып алынған. Қымбат тұратын зертханалық құрал-жабдықтармен еліміздің 8 аумақтық бөлімшесі қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта ағынды суларды зерттеу Астана қаласымен қатар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында жүргізіліп жатыр.
– Биыл ақпан айында ағынды суларға химиялық-токсикологиялық сараптама жүргізу әдістемесі ресми түрде мемлекеттік тізілімге енгізілді. Енді бұл сараптама тұрақты негізде жүргізіледі, - деді орталық директоры.
Ол сондай-ақ зерттеу нәтижелері құқық қорғау органдарының қаулылары негізінде сараптама жүргізуге пайдаланылатынын атап өтті.
– Біз сараптамаларды құқық қорғау органдарының қаулысы негізінде ғана жүргіземіз. Алайда нақты нәтижелерді жариялай алмаймыз. Өйткені Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу деректерін жария етуге тыйым салынған, - деді Бақытжан Байтилесов.
Айта кетейік, жүргізілген зерттеулердің нәтижелері 2025 жылғы 3-4 қарашада Францияның Ницца қаласында өткен халықаралық конференция материалдарында жарияланған. Сонымен қатар, бұл жұмыс ресейлік ғалымдар тарапынан да жоғары бағаланған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда денсаулыққа қауіпті азот тотығының заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтіледі.