Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттау орталығы құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттау орталығы құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
"Сыртқы нарықта өнімді ілгерілету кезінде отандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында "Kaznex Invest" АҚ және "ҚазАгроГрант" АҚ бір уақытта бірігуімен, "Азық-түлік корпорациясы" АҚ базасында агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық орталығын ашу жоспарлануда", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, орталықтың міндетіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сервистік және қаржылық қолдау мен оларға арналған экспорттық арналар енетін болады.
Орталық сатып алушыларды іздеу, өнімді жеткізу бойынша сауда желілерімен келісімшарт жасаумен айналысады. Бұдан басқа, орталық экспорттық арналар ашу мақсатында тауарлар топтамасын қалыптастыру үшін өнімді сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттау орталығы саудалық қаржыландыру, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, ілгерілету мен логистикаға арналған экспорттық гранттарды ұсынатын болады.
"Орталықтың қолдау көрсетуі арқасында ірі топтамаларды қалыптастыруға мүмкіндіктері бар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне тікелей және көліктік-логистикалық немесе көтерме-тарату орталықтарында өнімді сату арқылы шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігі пайда болады", - деді Г. Исаева.