Қазақстанда ақбөкендердің саны көктемгі санақтан кейін белгілі болады - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы жаппай қырылған ақбөкендердің енді нақты саны 2016 жылдың көктемгі санағынан кейін белгілі болады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің отырысында комитет төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Үстеміров мәлім етті.

Қазақстанда ақбөкендердің саны көктемгі санақтан кейін белгілі болады - АШМ

«2015 жылдың басында Қазақстанда барлығы 295 мың ақбөкен бар еді. Алайда, өкінішке орай, Бетпақдалада ақбөкендер жаппай қырылды. Енді, тірі қалған және көбейген ақбөкендердің саны 2016 жылдың көктемгі санағында белгілі болады. Қазір ақбөкендер Қазақстанның үш даласын; Бетпақдаланы, Орал мен Үстіртті мекендейді. Яғни, ақбөкендердің мекендейін жерлері 10 облыстың аумағында жатыр. 2000 жылдан бері ақбөкендер мекендейтін аумақ үш есеге көбейген»,-деп түсіндірді Қ.Үстеміров.

Оның айтуынша, ақбөкендердің жаппай қырылуы олардың мекендейтін жерлерін өзгерткен жоқ. «Тек олардың саны азайды. Оның үстіне, ақбөкендер мекен ететін аумақ кеңейген сайын, шағын үйірлерге бөліне бастаған. Мысалы, бұрын бірен-саран ақбөкені бар немесе тіпті ақбөкен кездеспейтін Жамбыл облысы мен ОҚО аумағында ақбөкендердің мың басы кездеседі»,-деп түсіндірді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың мамырында Қазақстанда ақбөкендердің жаппай қырылу фактісі тіркеліп, оқиға салдарынан 300 мың бас сайғақ қырылып қалған еді.