Қазақстанда әкімдер сайлауын байқау бойынша республикалық қоғамдық комиссия құрылды
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдық округтері, ауыл әкімдерін сайлау кезінде байқау бойынша республикалық қоғамдық комиссия жұмысын бастады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған комиссияның төрағасы, Қазақстан ардагерлері ұйымы орталық кеңесінің төрағасы мәлім етті.
«Біздің комиссия ресми тіркеуден өтіп, Астанада кеңсеміз орналастырылды. Қоғамдық комиссия өзінің штабы мен қоғамдық қабылдауды ашып, сенім телефонын қосты (55-72-96). Біз дауыс беру барысын байқау үшін еліміздің өңірлерін аралауға ниеттіміз», - деді Ө. Озғанбаев.
Оның сөзіне қарағанда, комиссия құрамында еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері еніп отыр. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева, Еуропалық құқық және адам құқығы сараптама институтының директоры Марат Башимов,«Демократия институты» ұлттық зерттеу қауымдастығы директоры Юлия Кучинская бар.
Ө. Озғанбаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде сайлау алды үгіт-насихаттың жүргізілуіне мониторинг жүргізілуде.
«Қоғамдық комиссия өзінің жұмысы барысында әділ сайлаудың өтуіне қызығушылық танытып отырған барлық ұйымдармен және азаматтармен ынтымақтасуды жоспарлап отыр. Біз өзіміздің тарапымыздан әділ және объективті болуға дайынбыз. Сайлау қорытындысы бойынша біз жұмысымыздың қорытындысын жария етеміз», - деді комиссия жетекшісі.