Қазақстанда әкімшілік іс жүргізу саласы кеңейтілмек

Қазақстанда жария-құқықтық дауларды азаматтық сот ісін жүргізуден әкімшілік іс жүргізуге кезең-кезеңімен ауыстырылады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жария-құқықтық дауларды азаматтық сот ісін жүргізуден әкімшілік іс жүргізуге кезең-кезеңімен ауыстырудың орындылығын атап өту маңызды. Қазіргі кезде әкімшілік сот ісін жүргізудің сот практикасын қалыптастыру процесі жүріп жатқандықтан, бұл тезис ескеріліп отыр. Сонымен қатар, мандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарына түсетін шағымдардың өсуі байқалды. Мемлекеттік органдар әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібіне, қолданыстағы заңнама нормаларын, сондай-ақ әкімшілік істер бойынша сот практикасын қолдануға үстірт әрі тым ресми қарап отыр. Бұл кемшілікті еліміздің соттары анықтап жатыр», - деді А. Мұқанова.
Осы орайда ол жария-құқықтық дауларды Азаматтық процестік кодексінен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне кезең-кезеңмен ауыстырудың орындылығын айтты.
«Бұл мәселені пысықтау аясында Әділет министрлігі Азаматтық процестік кодексі істерінің екі санатын айқындады. Сондықтан бұл істерді ауыстыру орынды әрі уақтылы деп санаймыз», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, нормативтік-құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізуді ауыстыру қарастырылған.
«Бұл заң жобасы аясында Азаматтық процестік кодексінің 30-тарауын (нормативтік құқықтық актінің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізу) Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекке ауыстыру ескерілген. Азаматтарға ведомстволық бұйрық, қаулы, әкім шешімі заң талаптарына сәйкес келмейді деп санайтыны туралы талап-арыз беруі жеткілікті болады. Өз кезегінде осы нормативтік-құқықтық актіні қабылдаған органдарға тиісті дәлел айту бойынша жұмысты іске асыру міндеті жүктеледі. Бұл бағытта қарапайым азаматтар дәлел айтып өз уақытын кетірмейді, тек талап-арызды ғана жолдайды», - деді Алма Мұқанова.