Қазақстанда ақпараттарды сақтау мен өңдеудің жаңа Big Data технологиясын енгізу жоспарлануда
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда ақпараттарды сақтау мен өңдеудің жаңа Big Data технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін халықаралық көрме-конференцияның ашылуы барысында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми сайты.
Оның айтуына қарағанда, бұл бүгінгі күні әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан технологиялардың бірі.
«International Data Corporation-ның зерттеулерінің мәліметтеріне қарағанда, сақталатын ақпараттардың көлемі жыл сайын 40% өсіп отырады», - дейді Сәкен Сәрсенов. Мысалы, 2012 жылы әлемде 2,43 зеттабайт ақпарат құрастырылған, бұл 2010 жылға қарағанда екі есе көп (1 зеттабайт 1 миллиард гигабайтқа тең).
Мамандардың бағалауынша, «үлкен мәліметтер» технологиясын енгізу және қолдану мемлекеттік басқаруды анағұрлым тиімді етіп, халықтың қоғамдық өмірін жеңілдетеді. Мысалы, Бразилияның Витториа-да-Конкиста қаласында әр оқушының мектепке киетін киіміне BigData технологиясын қолданатын құрылғылар орнатылған. Бұл тұрпаттағы әдіс бойынша, бала мектеп табалдырығын аттаған бойда-ақ оның кім екені танылатын болады. Егер ол мектепке келмеген болса, сабаққа кіруге соғылған қоңыраудан 20 минуттан кейін баланың жоқ екендігі туралы ата-анасына хабарланады.
Көлік және коммуникация вице-министрі С. Сәрсенов ведомство өз алдына BigData жаңа технологиясын енгізу бойынша ауқымды мақсаттарды қойып отырғанын атап өте келіп, бұл Қазақстанды АКТ саласының алдыңғы қатарына шығаратынын жеткізді.