Қазақстанда ақтау үкімдерінің саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ақтау үкімдерінің саны 11,7 пайызға артты. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда ақтау үкімдерінің саны артты

«Біз соңғы  2 жылда сот жүйесін кешенді жаңғырту бойынша  түбегейлі шараларды іске асырып үлгердік. Осы уақытта үш сатылы сот жүйесі, сондай-ақ судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілетудің жаңа ережелері күрделі сынақтан өтті. 2016 жылдың қорытындысына орай  осы жылдың басында, осы залда сот әділдігінің сапасын  талқылаған кезде сот әділдігі  неғұрлым жақсарғанын айтқан болатынбыз. Аталған үрдіс ағымдағы жылы да өз жалғасын тауып отыр», - деді Қайрат Мәми.

Осы орайда Жоғарғы сот төрағасы алқалы жиынға қатысушылардың назарын кейбір статистикалық деректерге аударды.

«Азаматтық істерді қарау мерзімі 2 есеге қысқарды. Олардың 83,5 пайызы алғашқы сот отырысында аяқталып, түпкілікті шешімін тапты. Сот бұйрығы  негізінде қаралған істер 4 есеге, баламалы тәсілдер бойынша аяқталған істер 3 есеге, медиация тәртібінде қаралған істердің саны 1,6 есеге артты. Азаматтық істердің 62,5 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралуда. Қылмыстық істер бойынша да дәл осындай ахуал қалыптасып отыр. Республика бойынша  келісімдік негіздегі істер  саны 2 есеге жуық, қысқартылған тәртіппен қаралған  қылмыстық істер саны 3,5 есеге,  медицияны қолдану арқылы аяқталған істердің саны 1,5 есеге  артты. Ақтау үкімдерінің саны 11,7 пайызға көбейіп, алқа билерінің  қатысуымен қаралған істердің саны 32-ге артты.  Қорыта келгенде істердің барлық санаттары бойынша сот әділдігін жүзеге асыру сапасы жоғары деңгейде қалып отыр», - деді ол.