Қазақстанда АҚТВ жұқтырған әйелдер санының күрт артуы алаңдатып отыр - Мәжіліс депутаты З.Аманжолова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - АҚТВ жұқтырған әйелдердің саны күрт артуы Қазақстан билігін алаңдатып отыр. Алматыда өткен USAID ұйымының Орталық Азиядағы АҚТВ тралуымен күрес бойынша жаңа бағдарламаның тұсаукесері барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова осылай мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, жұқпалы ауруды анықтаудың барлық көрсеткіштері қажетті деңгейде болғанымен, билікті алаңдатып отырған бірқатар көрсеткіштер бар.

«Бізді алаңдатып отырған біршама көрсеткіш бар. Ол дерттің халықтың жалпы популяциясы арасында кеңінен тарала бастауы, әйелдер санының артуы. Аталған дерт Қазақстанда тіркелген уақытта 10 ер адамға 1 науқас әйелден келетін. Қазір 1 ер адамға 1,3 әйелден келіп отыр. Өте қауіпті көрсеткіш. Өйткені, әйел - ана, ол дені сау ұрпақты жалғастырушы. Елімізде осы көрсеткішті жақсартуға барынша жағдай жасалып жатыр. Бүгін тұсауы кесіліп отырған USAID-тің бағдарламасы осыған ықпал жасайды деп сенеміз. Сондай-ақ, ҚР ДСӘМ 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы және бар», - деді Мәжіліс депутаты, ҚР Парламентінің әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова.

ҚР ДСӘМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Бауыржан Байсеркиннің айтуынша, қазіргі таңда АҚТВ жұқтырғандардың арасында иньекциялық жолмен жұғудан гөрі жыныстық қатынаспен жұғу көрсеткіші артып келеді. Мұндай көрініс тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде белең алып отыр.

«Бүгінде Қазақстанда АҚТВ жұқтырған 17 726 адам тіркеуде тұр. Олардың 50 пайызы вирусты иньекциялық жолмен жұқтырса, 44 пайызы жыныстық жолмен жұқтырған. Олардың емделуі, диагностикалық тексеруге алынуы толық бақылауда. Қазіргі таңда аурумен күресте ешқандай заманауи тәсіл жасалған жоқ. Тек салауатты өмір салтымен айналысып, қауіпсіз жыныстық қатынасты таңдау керек. Халықты хабарландыру, ақпараттандыру аса маңызды мәселе. ЮСАИД-тың жаңа бағдарламасы осыған бағытталған», - деді Б.Байсеркин.

Айта кету керек, USAID Орталық Азиядағы АҚТВ тралуымен күрес бойынша жаңа бағдарлама қабылдады. «Көшбасы» жобасы аясында Қазақстандағы аурудың таралуымен күреске 5 жыл ішінде 8 млн доллар бағытталмақ. Аталған бағдарлама Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде де жүргізіледі. Жобаның жалпы құны 37 млн АҚШ доллары болып отыр. Әр елге аталған соманың 20 пайызы бөлінеді.

Пилоттық жоба ШҚО және Павлодар облыстарында жүзеге асырылатын болады.

Мамандардың айтуынша, аталған аумақтарда вирусты жұқтыру көрсеткіші басқа өңірлерге қарағанда аса жоғары болып отыр.

Соңғы жаңалықтар