Қазақстанда ақылы жолдар 11,7 мың шақырымға жеткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алдағы 7 жылда 12 мың шақырымға жуық жол ақылы болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылға дейін ақылы жолдарды 6,7 мың шақырымға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал 2025 жылға қарай ақылы жолдар 11,7 мың шақырымға жеткізілмек», - деп нақтылады Ж. Қасымбек.
Айта кетейік, ақылы жол біраз уақыттан бері Астана мен Бурабай аралығында енгізілді. Енді басқа да республикалық маңыздағы жолдарда ақылы жүйені енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай автожолдарының учаскелерінде ақы төлеу жүйесін енгізу жұмыстары атқарылып жатыр. Осы жүйе қыркүйек айында тестілік режімде іске қосылмақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ақылы жолдармен жүретін жүргізушілерге RFID-таңбалары тегін беріледі.