Қазақстанда алдағы жылы халықаралық «Кинотаврик» балалар фестивалі өткізілуі ықтимал

АЛМАТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Сочиде өткен балалар байқауынан келесі жылы сәуір айында Қазақстанда Х халықаралық «Кинотаврик» балалар фестивалін өткізу туралы ұсыныс алып келдік.

Қазақстанда алдағы жылы халықаралық «Кинотаврик»  балалар фестивалі өткізілуі ықтимал

Бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Таңсәрі» мюзик-шоу театрының жетекшісі Дина Смаилова осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, ұйымдастырушылардың ұсынысы енді қала әкімдігіне және басқа құрылымдарға хабарланбақ.
«Байқау өте қымбат шара, тіпті ресейліктер үшін де. Оған көпшілік ұжымдардың қатысуына мүмкіндіктері бола бермейді. Егер ұсыныс қабылданса, бұл отандық басқа да балалар театрларына, шығармашылық үйлерге кәсіби дәрежедегі байқау болып саналатын халықаралық өнер және спорт «Кинотаврик» фестиваліне қатысуға мүмкіндік туатын үлкен шара. Не болса да байқауды өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл байқауға тек кәсіби әділқазылар мен кәсіби дәрежедегі, жүзден жүйрік, мыңнан мықты шыққан, «үлгілі» ұжымдар қатыса алады. Бұл орайда айта кететінім, бізде балалар студияларына, театрларға «Үлгілі ұжым» деген сияқты атақтар берілсе. Бізде балалармен жұмыс істейтін шығармашылық ұжымдардың жұмысына баға беретін, сараптап, марапаттайтын еш шара жоқ. Әркім өз қазанында қайнап жатыр. Бұл ұсынысым қала әкімдігіне, мәдениет министрлігіне «алтын сырға» болса деймін», - деді Дина Смаилова.