Қазақстанда әлемдік 350.org экологиялық қозғалысының өкілдігі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қозғалыстың Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Павел Коктышевтің айтуынша, қозғалыс елімізде 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ ресми түрде бүгін ғана ашылып отыр. «Біз әлемдік қозғалыс идеяларын Қазақстанда жүзеге асыруды көздейміз. Әлемдік қозғалыстың басты мақсаты - ауадағы ластану мөлшерін 350 миллион бірлікке жеткізу. Қазіргі деңгей 390 миллион бірлік. Осының салдарынан Пәкістан су астында қалып, Ресей отқа оранып жатыр, жер бетіндегі мұздықтар еруде. Бұл мәселе бізді де айналып өтіп отырған жоқ. Сондықтан бір топ жастар қозғалыс құруды жөн көрдік», дейді П.Коктышев. Оның айтуынша, қозғалыс алдағы уақытта еліміздің барлық облыстарынан өкілдік ашып, экологияны қолдау бағытында түрлі шаралар өткізбек. «Бұл бағытта www.350.kz сайтын іске қостық. Өйткені көп жағдайда жұмысымыз интернет кеңістігі арқылы жүзеге асырылады», дейді қозғалыс өкілі.