Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 4 колледж құрылады
бұл - елді индустрияландыру қажеттілігінен туындаған іс-шара, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінен Pm.kz сайтына.
Бұған дейін хабарлағандай, елімізде кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамыту үшін 2011 жылдың маусым айында «Кәсіпқор» холдингі құрылды және осы қордың базасында Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында әлемдік деңгейдегі колледждер құру жоспарлануда. Министрліктің ақпараты бойынша, колледждерде инжиниринг, сәулет және құрылыс, ақпараттық және коммуникациялық технология, дизайн және жобалау, АӨК, металлургия және машина жасау, сондай-ақ пәнаралық мектептер жұмыс істейтін болады.
Холдинг жалпы алғанда, ҮИИД бағдарламасының қажетін ескере отырып және еңбек нарығында сұранысқа ие 90 мамандық бойынша 15 мың адамды оқумен (республиканың 16 өңірі бойынша) қамтуды жоспарлап отыр.
Оған қоса, кәсіптік-техникалық білім берудің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатымен қазір Қазақстанда кадрлар даярлау мен қайта даярлайтын төрт өңіраралық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Атырау қаласында мұнай-газ саласы үшін кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Екібастұздағы отын-энергетикалық саласында техникалық және қызмет көрсету еңбегі үшін және Өскемен қаласында машина жасау саласы үшін кадрларды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі өңіраралық орталықтардың құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылдың қараша айында Шымкент қаласында өңдеуші өнеркәсіп саласы үшін өңіраралық орталықтың құрылысы басталды.