Қазақстанда әлемдік деңгейдегі барлық ота жасалады – Болатбек Баймаханов
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы 10 жылда 3,5 мыңға жуық ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде балаларға жасалған күрделі оталар да бар. Бұл туралы Ақордада марапатталған белгілі хирург, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов мәлімдеді.
Былтыр сәуір айында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы еліміздің медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салатын аса күрделі операцияны сәтті өткізген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалған бұл операцияны отандық медицинаның зор жетістігі ретінде бағалап, орталық ұжымына Алғыс хат жолдады.
– Мемлекет басшысының қолынан алған жоғары марапатты тек қана менің еңбегіме емес, еліміздегі хирургия саласында, трансплантология саласында жүрген 3 мыңға жуық хирургтың еңбегіне берілген үлкен баға деп есептеймін. Сондықтан бұл бізге үлкен міндет пен сенім артылғанын көрсетеді. Енді хирургия көмегін сапасын арттыра түсуге жұмыс жасауымыз керек, – деді Б. Баймаханов Ақорда кулуарында.
Дәрігердің айтуынша, елімізде трансплантология саласы өте қарқынды дамып келеді. Өйткені оған сұраныс өте жоғары, әсіресе бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы жиі жасалады.
Қазіргі таңда хирургия саласына жаңа технологиялар белсенді енгізілуде. Миниинвазивті және лапароскопиялық операциялармен қатар роботтандырылған хирургия мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып жатыр.
– Біз медицинадағы ең күрделі бағыттардың бірі – ағза трансплантациясымен айналысамыз. Әсіресе, тірі туыстық донордан ағза алмастыру оталары жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Соңғы 10 жылдан астам уақытта елімізде 3,5 мыңға жуық трансплантация жасалды. Олардың қатарында балалар да бар. Сондықтан Қазақстан трансплантологияны дамыту және озық медициналық технологияларды енгізу бойынша Орталық Азия бойынша алдыңғы қатарда десек, артық айтпаймыз, – деді Б. Баймаханов.
Бүгінде Қазақстандағы көптеген медициналық орталықтар әлемнің жетекші клиникалары деңгейінде жұмыс істейді және жуырда ғана бірегей саналған күрделі операцияларды сәтті орындап келеді.
– Әлемнің озық клиникаларында жасалып, біздің елде қолданылмайтын технология немесе ота түрі жоқ деуге болады. Бұл – біздің басты ұстанымымыз. Өйткені біз Ұлттық хирургия орталығы мәртебесіне иеміз. Бізге еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар келеді. Сондықтан жоғары кәсіби деңгейді сақтап, сапа стандарттарына сай жұмыс істеу – біздің міндетіміз, – дейдә дәрігер.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.
Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді.
Биылдың өзінде медицина мамандарының жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінген.
Ал Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі беріледі.