Қазақстанда әлемге әйгілі иллюзионистер шоуы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі «The Illusionist» Бродвейдегі, лондондық Вест-Эндтегі және Азиядағы турларын аяқтап, Қазақстанға арнайы қойылыммен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иллюзионистер» шоуы 25 мемлекеттегі 200 қаланы шарлап, Бродвей тарихындағы ең үздік болып танылған ұжым. АҚШ, Австралия, Канада және Ұлыбританиядағы таңқаларлық жетістігінен кейін олар Еуропаны "жаулауын" жалғастыруда. Енді міне, Астана мен Алматы тұрғындарына да осындай жоғары деңгейдегі сиқыр өнерін көру мүмкіндігі туып отыр.
«Иллюзионистер» шоуының қойылымдарынан көрермендер иллюзияны арбайтын көріністерді, ауада қалықтауды, ойды оқуды, жоғалуды және басқа да көптеген жоғары технологиялы және қауіпті трюктерді көре алады. Әзірге оларды продюссерлер қатаң құпияда ұстап отыр. Бұдан бөлек классикалық иллюзияға заманауи эстетика, әдемі костюмдер және театр өнері қосылады.
Қазақстанда қойылатын шоудың құрамында 7 иллюзионист бар. Атап айтқанда, Харрисон Гринбаум фальсификатор, Марк Калин шоумэн, Джинжер Лайт сиқыршы, Энзо сиқыршы, Крэндл жүгіру шебері, Себастьян Николас манипулятор, Робин Шарп қару шебері.
Аталған сиқыршылардың шоуы дүниежүзіндегі миллиондаған көрермендері бар FOX, Masters of Illusion арналарындағы, NBC, «Magic on the Edge» телеарналарындағы «Worlds Greatest Magic», «America's Got Talent» секілді шоуларда көрсетілген.
«Біздің әрқайсысымыз Қазақстанға келгенімізге аса қуаныштымыз. 2018 жыл біздің шоу үшін ерекше жыл болуда. Қазақстанға алғаш келуіміз болғандықтан біз үшін барлығы таң және ерекше болып көрінуде. Біз әлемнің көптеген елдерін араладық дегенмен Қазақстан басқаша. Әрине әлі толық аралап, танысып үлгермедік, дегенмен шоу арасында міндетті түрде жақынырақ танып білуге тырысамыз. Сонымен қатар Қазақстанға келуіміздің бұл басы ғана деп ойлаймын. Бізде болашаққа жоспар көп. Әлемнің әр еліне, әр қаласына барған сайын бізде жаңа идея, жаңа туындылар пайда болады. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймыз. Қойылымдарға келсек оның құпиясын ашпай-ақ қояйық, бірақ әсерлі шоу қоюға уәде береміз», -деді «Иллюзионистер» шоуының креативті продюсері Саймон Пейнтер шоудың өткізілуіне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Баспасөз мәслихаты біткен соң иллюзионистер қойылымдарынан үзінді көрсетті.
«Иллюзионистер» шоуы Астана қаласында 6-7 қазан күндері Конгресс орталықта және Алматы қаласында 10-11 қазан күндері Республика сарайында болады.