Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті ме - Сапархан Омаровтың жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің мөлшері жайлы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен, әкімдіктермен бірге бүгінгі таңда жедел штаб құрды. Штабтың негізгі мақсаты – халықты негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамаыз ету. Әкімдіктермен қазір тұрақты байланыста отырмыз. Негізінен аймақтардағы тұрақтандыру қорларындағы азық-түліктің толымдылығына, өндірушілердің қоймаларына, сауда нүктелеріне мониторинг жүргізілуде. Қолда бар жедел мәліметке сәйкес қазіргі таңда республикада 1,2 млн тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар», - деді Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуына қарағанда әлеуметтік маңызы бар тауардың бұл көлемі халықты 5-6 ай көлемінде қамтамасыз етуге толығымен жеткілікті.

«Бұл тек қор ғана. Одан бөлек азық-түліктің барлық түрі өндіріліп те жатыр. Өңдеуге бағытталатын шикізат қор баршылық. Өңдеуші кәсіпорындар қажет болған жағдайда өндірістік қуаттылықты арттырады», - деді ол.

Сапархан Омаров қажеттілік қазіргі таңда 80 пайызға, ал азық-түліктің кейбір түрі бойынша 100 пайызға толық екенін жеткізді.

«Біздің негізгі азық-түлік түрлері – бидай ұны. Бидай ұнынан үш миллион тонна өндірдік. Бұл ішкі қажеттілікті 204 пайыздық деңгейде жабуға жеткілікті. 144 мың тонна күріш өндірілді. Ал қажеттілік мөлшері – 76 мың тонна. 190 пайызға жауып отырмыз. Сол секілді 165 мың тонна макарон өндірілуде. Қажеттілік – 150 мың тонна. 3,9 миллион тонна картоп өндірудеміз. Ішкі қажеттілік картоп бойынша 107 пайызға жабылған. Сиыр, қой, жылқы, шошқа еті жағынан уайым жоқ», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін аталмыш баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов коронавирус инфекциясына байланысты супермаркеттер мен базарларда туындаған дүрбелеңге байланысты қазақстандықтарды сабырға шақырған болатын.


Соңғы жаңалықтар