Қазақстанда әлеуметтік саладағы волонтерлерге сұраныс жоғары - Азамат Жұмағазы

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат –10 жылдан бері волонтерлікпен айналысатын маңғыстаулық Азамат Жұмағазы коронавирус пандемиясы кезінде еріктілер қызметіне сұраныс артқанын айтты. ҚазАқпарат тілшісі маңғыстаулық волонтер Азамат Жұмағазымен сұхбаттасып, қызығы мен қиындығы қатар жүретін волонтерлік қызметтің мәлім де беймәлім қырлары жайында әңгімелесті.

15 жасынан бастап волонтер

- Мен қазір 25 жастамын. Волонтерлікпен 10 жылдан бері айналысамын. 2009 жылы волонтер ретінде алғашқы қадам жасадым. Басында мерекелер қарсаңында достарымызбен бірге түрлі флешмоб ұйымдастырып бастадық. Ең бірінші волонтер ретінде 2009 жылы 9 мамыр Жеңіс күніне орай шара ұйымдастырдық. Кейін 2009-2010 жылдары арасында «ЭКО Маңғыстау» Үкіметтік емес ұйымы қатарына шақырды. Бұл ұйымның мақсаты табиғатты қорғау болатын. Мен панданың киімін киіп, эко волонтерлікпен айналыстым. 2011 жылы «Арман» жастар орталығы «Есірткіге жол жоқ!» акциясына шақырды. Онда «Жас талап» жастар клубы құрылды. Мен олардың қатарына кірдім. Басында тек 10 шақты адам болдық. Біздер қаладағы қайырымдылық шараларына қатыса бастадық. Әсіресе, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға ат салыстық. Кейін осы клубтың көшбасшысы етіп сайлады. Осылайша, клубтың өсіп-өркендеуі үшін жұмыс істедім. Мен басқарған клубтың ғұмыры 2 жылға жалғасты. Ол уақытта біздің қатарымыз 80-ге жуық талантты жастармен толықты. Әрине, зымыраған заманда қатарымыз сирей бастады. Өйткені, клуб мүшелерінің қызығушылығы өзгерді. Бірі басқа қалаларға оқуға кетті. Көпшілігі басқа саланы таңдады. Осылайша, аз уақыттың ішінде волонтерлер қалмады. Ал, мен «Эко Маңғыстау» құрамында қалып, эко волонтерлікті қолға алдым. Маңғыстауда киелі жерлер өте көп. Сол жерлерде әр демалыс сайын сенбілік ұйымдастыратынбыз. Жастармен бірге түрлі ағаш отырғызып, өңірдің био алуандығын сақтап қалу мақсатында біраз еңбек еттік.

Волонтерлік - қоғамға пайдаңды тигізу, үлкендерге жәрдемдесу, еліңнің патриоты болу

- Шынымды айтсам, кішкентайымнан көпшілік ортада жүрген ұнайтын. Содан болар қолым қалт етсе, қасымдағы балалармен қандай да бір шара ұйымдастырғымыз келіп тұратын. Өсе келе бұл қызығушылығым арта түсті. Мен басында мұны волонтерлік екенін білмедім. Бірақ, өсе келе қоғамға пайдамды тигізу, үлкендерге жәрдемдесу, еліңнің патриоты болу волонтерлік екенін түсіндім.

Коронавирус пандемиясы кезінде еріктілер қызметіне сұраныс артты

- Пандемия кезінде еріктілер қызметіне сұраныс артқанын ешкім жоққа шығармас. Алғашқы карантин кезінде тек арнайы рұқсат қағазы бар волонтерлердің емін-еркін жүруіне рұқсат етілді. Ал, қандай да бір топтың мүшесі емес жастарға қиын болғаны рас. Ал, жаз мезгілінде ауруханаларға оттегі баллондарын жеткізу кезінде қосымша көмектің қажет болғаны рас. Сол уақытта мен өз еркіммен барып, жастардың қатарына қосылдым. Ол жерде бастама көтеріп, ақ халаттыларға көмек көрсету жайын айтқан өзге жастар болды. Ал, мен оларға қолдау көрсеттім.

Қазақстанда әлеуметтік саладағы волонтерлерге сұраныс жоғары

- Біздің елімізде әлеуметтік саладағы волонтерлерге сұраныс жоғары. Мәселен, қарттар мен жетімдерге көмек көрсететін жастар жетпей жатады. Соның ішінде түрлі ауруға шалдыққан балаларға көмектесетін жастарға сұраныс жоғары. Жалпы биыл «Волонтерлер жылы» деп аталуы еріктілердің мәртебесін көтерді. Меніңше, еріктілер мемлекеттің қолдауы маңызды екенін түсінген сияқты. Демек, күш біріккенде ғана нәтиже шығаруға болатынын екі жақ та түсінді деген сенімдемін. Оның үстіне осы әлемдік пандемия кезінде еліміздің әр қаласындағы еріктілер бір-бірімен байланысқа шығып, қарым-қатынасты нығайтты деп айта аламын. Мәселен, жазда қауіпті вирус күш алған уақытта әр аймақтағы еріктілер дәрі-дәрмек жетпеген өңірлерге қажетті препараттарды жеткізіп, қол ұшын созды.

Волонтерліктің бағыты көп

- Өзімді тәжірибелі волонтерлердің қатарына жатқызамын. Қанша дегенмен 10 жылға жуық тәжірибем бар. Жалпы елімізде волонтерлік қызмет жай, бірақ қажетті бағытта дамып жатыр дер едім. Жыл сайын бұл қызмет жақсарып келеді. Әсіресе, жаңадан құрылып жатқан волонтерлер клубы, еріктілер қозғалысының саны артдаі. Бұл жақсы әрине. Себебі еріктілердің қатары көбейген сайын көмекке мұқтаж жандарға берілетін көмек көлемі артады. Меніңше, жастар волонтерлікті қарттарға, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесумен шектеледі деп ойламауы керек. Волонтерліктің бағыты көп. Сондықтан эко волонтерлікті, жануарларға қамқорлықты да ұмытпауымыз қажет.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum