Қазақстанда әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны жеті есеге жуық артты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланған дәрігерлердің саны екі жылдың ішінде 263-тен 1760 адамға дейін өсті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы төлеу және коммуналдық шығыстарын өтеу мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.
2023 жылы әлеуметтік қолдауға 263 дәрігер ие болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 796-ға, ал 2025 жылы 1760 маманға жетті. Осылайша, әлеуметтік қолдау алған дәрігерлердің саны 6,7 есеге артты.
-Қолдау шаралары ең алдымен өңірлерге медициналық кадрларды тартуға және оларды тұрақтандыруға, сондай-ақ халық үшін дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 84 мыңға жуығы – дәрігерлер, ал 196 мыңнан астамы – орта медицина буыны,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар медициналық білім беру жүйесі де жетілдірілу үстінде. Қабылданған заңнамалық өзгерістер болашақ дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейтуді және кәсіби мамандану жүйесін дамытуды көздейді.
Медицина қызметкерлерін қорғауға да ерекше көңіл бөлініп келеді. 2026 жылы кәсіби міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты қорқыту мен зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту және еліміздің барлық өңірінде дәрігерлердің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі телемедициналық қызметтерді дамытуға жаңа стандарттар енгізгені туралы жаздық.