Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі қатар көрсетіледі – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі тұтас отбасының өміріндегі маңызды кезеңдердің бәрін қамтиды. Бала дүниеге келген сәттен бастап кәмелетке толғанша түрлі әлеуметтік көмек қарастырылған. Ендігі міндет – мемлекеттік қолдау шараларын халыққа барынша қолжетімді әрі түсінікті ету.

Захира Бегалиева
Фото: Захира Бегалиеваның жеке мұрағатынан

Бұл туралы Құрылтай депутаты Захира Бегалиева Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Жәрдемақыдан бөлек: бала туған отбасына мемлекет тағы қандай қолдау көрсетеді

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылармен кездесуде Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағытын сақтап отырғанын, азаматтарға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

Депутаттың айтуынша, ана мен балаға берілетін мемлекеттік қолдауды жекелеген төлемдермен ғана бағалауға болмайды. Оны бала дүниеге келгеннен кейін отбасы пайдалана алатын барлық әлеуметтік кепілдікті ескере отырып, тұтас қарастырған жөн.

– Бүгінде бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы, бала күтіміне байланысты төлемдер қарастырылған. Сонымен бірге, ата-ананың жұмыс орны сақталады, медициналық көмек көрсетіледі, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларға да түрлі қолдау шаралары бар. Дегенмен азаматтар өздеріне нақты қандай көмек тиесілі екенін білгені маңызды, – деді Захира Бегалиева.

Ол 2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы берілетінін еске салды. Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала 1,5 жасқа толғанша ай сайын 24 912 теңгеден 38 493 теңгеге дейін жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері баланың отбасындағы кезегіне байланысты. Ал жұмыс істейтін ата-анаға әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.

Депутат маңызды бір жайтқа назар аударды: бала күтіміне байланысты төлем 1,5 жасқа дейін берілгенімен, ата-ана баланы күту үшін үш жылға дейін демалысқа шыға алады. Бұл кезеңде оның жұмыс орны сақталады.

– Осындай нақты кепілдіктер жиынтығы азаматтың әлеуметтік тұрғыда қорғалғанын сезінуге мүмкіндік береді. Адам «әлеуметтік саясат бар» екенін ғана емес, бала дүниеге келген соң өзіне қандай көмек көрсетілетінін және қандай құқықтары сақталатынын нақты білуі керек, – деп атап өтті З. Бегалиева.

Оның пікірінше, Қазақстанның басқа елдерден ерекшелігінің бірі – әлеуметтік кепілдіктердің бірнеше бағытының қатар іске асуында. Бала туғаннан кейін отбасының табысына қолдау көрсетіледі, ата-ананың жұмыс орны сақталады, балалар медициналық көмекпен және тегін біліммен қамтылады, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады.

– Президент осы мүмкіндіктердің көпшілігі ел ішінде күнделікті өмірдің қалыпты бөлігі ретінде қабылданатынына назар аударды. Мәселен, мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмекті ұсыну міндеті Конституция деңгейінде бекітілген. Бірақ азамат үшін маңыздысы – басқа нәрсе. Әлеуметтік қорғанысты елдің қандай да бір рейтингтегі орны арқылы сезіну мүмкін емес. Ол бала дүниеге келгенде отбасы қандай төлем алатынын білгенде, анасы бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, жұмысынан айырылмағанда, бала ауырған кезде медициналық көмекке қол жеткізгенде, мектепте тегін тамақпен қамтылғанда сезіледі, – деді депутат.

«Ұлттық қор – балаларға»: 18 жасқа дейін балаға қанша ақша жиналады

Депутат маңызды мемлекеттік бағдарламалардың бірі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» жобасын атады. 2026 жылы бағдарламаға қатысушы әр балаға 130,71 доллардан есептелді. Жоба іске қосылған үш жылда бағдарламаға қатысып келе жатқан балалардың шотындағы жинақ инвестициялық кірісті қоса есептегенде 370,56 доллар түскен. Бала 18 жасқа толғаннан кейін бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады.

– Бұл бағдарламаның мәні мүлде бөлек және ол – отбасының күнделікті қажетіне жұмсалатын қаражат емес. Керісінше, баланың кәмелет жасына дейін оның болашағына қор жиналады. Әрине, бұл ақша өздігінен баспана немесе жоғары білім мәселесін толық шешіп бере алмайды. Бірақ бағдарламаның негізгі мәні – осында. Бала елдің ұлттық ресурстарынан түсетін инвестициялық кірістің бір бөлігін алады және қаржы әрі қарай да жинақтала береді, – деді З. Бегалиева.

Оның айтуынша, бұл – әлеуметтік саясаттың ұзақ мерзімге бағытталған тетігі. Яғни мемлекеттің мақсаты отбасына бүгін ғана қолдау көрсету емес, баланың ертең өз алдына дербес өмір бастауына белгілі бір қаржылық мүмкіндік қалыптастыру.

Оның пікірінше, жоба әлеуметтік саясаттың ұзақ мерзімге бағытталғанын көрсетеді. Яғни мақсат – отбасына бүгін қолдау көрсетумен ғана шектелмей, баланың өз алдына өмір бастауына қаржылай мүмкіндік қалыптастыру.

Мектептегі тегін тамақ: Ата-ана оның сапасын талап ете ала ма

Депутат Мемлекет басшысының мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ беру туралы айтқанына да тоқталды. Қазіргі уақытта 1-4 сынып оқушыларының барлығы отбасының табысына қарамастан тегін тамақпен қамтылған. Белгіленген талаптарға сәйкес, мектептегі тамақтану баланың тәуліктік калория қажеттілігінің шамамен 40 пайызын өтеуге тиіс. Ас мәзіріне де бірқатар талап қойылған: денсаулыққа зиянды жекелеген өнімдер алынып тасталып, тағам құрамындағы қант пен тұз мөлшері азайтылған.

– Бұл жерде ата-аналар үшін маңызды бір жайт бар: мектептегі тегін тамақ қайырымдылық емес және тек табысы төмен отбасыларға көрсетілетін көмек те емес. Бұл – бастауыш сынып оқушыларының барлығына берілетін мемлекеттік кепілдік, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар депутат ендігі маңызды мәселе – тамақтың сапасы екенін айтты.

– Ата-аналарға тамаққа қанша қаражат бөлінгенін білу ғана маңызды емес. Баланың алдына нақты қандай тағам қойылатыны, оның сол тамақты жей ме, белгіленген талаптарға сай ма – осының бәрі маңызды. Сондықтан бұл жерде қоғам мен ата-аналардың бақылау жасауы – қалыпты жағдай. Мемлекет тегін тамақпен қамтамасыз етуге кепілдік берсе, отбасы оның тиісті сапада болуын талап етуге құқылы, – деді Құрылтай депутаты.

Есту аппараты үшін мүгедектік мәртебесі міндетті емес – депутат

Депутат медициналық көмекті дер кезінде көрсетудің маңызына тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының есту қабілеті төмен балаларға арналған есту аппараттарын шығаруды жолға қою туралы бастамасын атап өтті.

– Бұл жерде мәселе – жеңілдікте емес, баланың болашағында. Есту қабілетіндегі ақау дер кезінде анықталып, балаға дұрыс таңдалған есту аппараты уақытында берілсе, бұл оның сөйлеу қабілетінің дамуына, білім алуына, қарым-қатынасына және қоғамға бейімделуіне тікелей әсер етеді, – деп есептейді депутат.

З. Бегалиеваның айтуынша, қазір бұл бағыттағы тәсіл де өзгеріп келеді. Есту аппаратын алу үшін баланың мүгедектігі ғана емес, медициналық көрсеткіштері де негізге алынуы керек. Ол үшін бала немесе ересек адам сурдолог дәрігердің тексеруінен өтуі қажет. Бұдан кейін тиісті аппарат таңдалып, бапталады, жеке құлақішілік қалып жасалады, оны пайдалану жолы үйретіліп, техникалық қызмет көрсету қарастырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қажетті нормативтік құжаттарды әзірлеу аяқталған. Ендігі кезең – өңірлерді қаржыландыру және тиісті жабдықтарды сатып алу.

– Бұл – отбасы үшін өте маңызды өзгеріс. Балаға көмек дәл қазір қажет болып тұрғанда, белгілі бір мәртебе алу үшін ұзақ рәсімдерден өтуге мәжбүр болатын жағдай болмауы керек, – деп атап өтті ол.

Әлеуметтік көмек кімге берілуі керек

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға бағыттау жөнінде тапсырма берді. Депутаттың айтуынша, мұнда баршаға ортақ мемлекеттік кепілдіктер мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмекті ажырата білу маңызды.

– Баршаға ортақ кепілдіктер бар. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары ата-анасының табысына қарамастан тегін тамақпен қамтылады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы да белгіленген талаптарға сай келетін барлық балаға қатысты. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға арналған арнайы көмек бар. Мұндай жағдайда адамның нақты жағдайын – табысын, отбасы құрамын, денсаулығын, жұмыс істейтін-істемейтінін және басқа да мән-жайды ескеру қажет. Мемлекет басшысы мемлекеттік көмек ең алдымен оған шынымен мұқтаж адамдарға жетуі керек екенін айтты, – деді З. Бегалиева.

Депутаттың пікірінше, әлеуметтік көмектің атаулы болуы оны алушылар санын механикалық түрде азайтуды білдірмеуі керек. Мұндағы мақсат – отбасының нақты қажеттілігін дәл анықтап, оған қажет көмекті уақыт оздырмай көрсету.

– Сайып келгенде, адам өзін әлеуметтік тұрғыдан қорғалғанын үш қарапайым нәрсені білген кезде сезінеді: өзіне қандай көмек тиесілі, оны қайдан алуға болады және мемлекет берген кепілдік іс жүзінде орындалмаса, қайда жүгіну керек. Әлеуметтік қолдау жүйесі бұдан әрі осы бағытта дамуы керек деп ойлаймын, – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әрбір азаматы таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік міндеттемелерден бас тартпайтынын айтып, Қазақстандағы тегін медициналық көмек туралы пікір білдірді.