Қазақстанда алғаш рет «Ат спортындағы ветеринария» мамандығы ашылады

ұлттық спорт
Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Қазақстан Республикасында ат спорты және ұлттық жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы және даму болашағы» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел өтті.

Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Ат спортында жылқылардың саулығын бақылау, рационалды азықтандырылуын қадағалау, күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыру және инфекциялық ауруларға қарсы уақытылы екпе жасау – тікелей ветеринариялық дәрігерлердің міндеті. Ат спортын әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды дайындаудың жетіспеуі – күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, 2024-2025 оқу жылынан бастап, біздің университетте «Ат спортындағы ветеринария» мамандарын дайындау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Басқосуда ұлттық жылқы спортын дамытуға қатысты жинақталған ұсыныстарды жоғары мемлекеттік органдар тарапына жолдау туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар