Қазақстанда алғаш рет әйгілі биолог А.Холландердің Халықаралық курсы өтеді
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ертең, қыркүйектің 23-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Геном және қоршаған орта, генетикалық токсикология» тақырыбында әлемге әйгілі биолог-ғалым Александр Холландердің Халықаралық курсы басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанда алғаш ретөткелі отырған ғылыми мәжілісте АҚШ, Жапония, Түркия, Польша, Румыния, Чехия, Иран, Үндістан, Тайланд және Қазақстан ғалымдарының баяндамалары тыңдалады. Қазақстанда өндірістік қазба жұмыстарымен айналысатын мекемелердің табиғатқа келтіріп жатқан залалы, Семей ядролық полигонының салдары, сулардың ауыр металдармен, пестицидтер және басқа да органикалық қосылыстармен ластануы, Арал теңізіндегі экологиялық апат, республикадағы қоршаған ортаның радиоактивті, химиялық және биологиялық мутагендермен залалдануы, онкологиялық аурулармен байланысты тұқым қуалайтын аурулар санының өсуі және басқа да факторлардың әсері - осының бәрі генетика ғылымы зерттейтін мәселелер.
Осымен 15-ші рет өткізілгелі отырған Александр Холландердің халықаралық курсы бұған дейін Мексикада, Оңтүстік Африка Республикасында, Мысыр елінде, Бразилияда, Қытай, Польша, Үндістан және тағы басқа ғылыми әлеуеті жоғары мемлекеттерде ұйымдастырылған болатын. Екікүндік курсты Қоршаған ортаның мутагенезі бойынша Халықаралық қоғамдастықтар жанындағы Александр Холландер комитетінің қолдауымен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен АҚШ-тың Техас медициналық университеті ұйымдастырып отыр.