Қазақстанда алғаш рет баланың бауыры мен жүрегіне бір уақытта ота жасалды

дәрігер
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Оны Ана мен бала ұлттық орталығының дәрігерлері шетелдік тәжірибеге сүйене отырып іске асырды.

Ота кезінде алдымен науқастың бауырының оң жақ бөлігіндегі, кейін бірден қан тамырындағы ісік алынған.

«Бұл — аса сирек кездесетін жағдай» дейді дәрігерлер. Әлем бойынша бұндай операция небәрі он рет жасалған.

Дастан Рүстемов — балалар хирургы. Оның осы салада жүргеніне 14 жылға таяды.

Тәжірибелі дәрігер осы аралықта ауыр халдегі жүздеген баланы құлан-таза айықтырды. Талай мәрте күрделі ота жасап, сан түрлі дертке дауа тапты.

Алайда, жақында ол әлемде аса сирек кездесетін жағдаймен бетпе-бет келді. Обырға шалдыққан бір жарым жасар баланың бүйрегіндегі ісігі асқынып, жүрекке шапқан.

Баланы құтқарудың жалғыз жолы — екі мүшеге қатар ота жасау болатын. Сондықтан дәрігерлер консилиумы жасанды қан айналымын орнатуға шешім қабылдады.

Яғни, жүрекке түтік орнатып, бауырдың оң жақ бөлігін және қан тамырлардағы ісікті алған.

— Баланың денесін 20 градусқа дейін тоңазытып, қан айналымын тоқтатып, 20 минуттай жүрегін ашып жүрек жақтан бауыр жақтан қан тамырда ісігін алып, сосын жүректің сыртындағы қабығы перикарт деп аталады. Содан кесіп алып, сол жерде өзінің жүрек қабымен жамап тіктік. Бауырдың өзінде болса, оның зақымдалған жерін кесіп алып тастар едік, — дейді UMC Ана мен бала орталығының департамент директоры, балалар хирургы Дастан Рүстемов.  

Ота сегіз сағатқа созылған. Оған медицина қызметкерлерінің екі бригадасы жұмылдырылды.

Қазір баланың жағдайы жақсы. Дәрігерлер оны ұдайы бақылауда ұстап отыр.

— Бала ауруханаға қаңтарда әкелінді. Осы уақытқа дейін бірнеше химиотерапиядан өтті. Соның арқасында қатерлі ісік әлдеқайда кішірейді. Дегенмен толық айығып кетуіне ота қажет болды. Қуанышымызға орай, бәрі сәтті өтті. Бүлдіршін осыдан екі күн бұрын ауруханадан шығып, үйіне оралды. Бірақ жағдайын қадағалап отырамыз, — деп атап өтті балалар кардиохирургы Ғалымжан Өтегенов. 

Ана мен бала ұлттық орталығында осыған дейін жиырмадан астам бауыр трансплантациясы жасалған.

Бірақ, отандық дәрігерлердің тәжірибесінде бауыр мен жүрекке бір уақытта ота жасау бұрын-соңды болмаған.

Өйткені обырдың бұл түріне әлем бойынша 10 науқас қана шалдыққан.  

Соңғы жаңалықтар