Қазақстанда алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілді. Вакцинациялауды Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы өткізді. Екпе алғаш болып Қазақстандық Орталық директоры Қайсар Табынов алды. Бұл туралы ҚазАқпарат Хабар 24 сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда алғаш рет коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілді

Айта кетсек, вакцина Австралияда жасалған және қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен өтуде.

Иммунология және вирусология саласындағы көптеген мамандар коронавирустың бұл түрі туралы белгілі бір білім алғаннан кейін, пандемияны тек әлемнің әртүрлі елдерінде вакциналарды қолдана бастағанда ғана тоқтатуға болады деген ойда. Бұл препараттарды жасаумен көптеген ғылыми ұжымдар, институттар мен компаниялар айналысуда. Оның ішінде отандық вакцинамен біздің мамандар да жұмыс істеуде. Қолдануға арналған дайын үлгілер де бар.


Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау - инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі екенін жеткізді. Қазақстандық ғалымдар 7 вакцина дайындау технологиясын жасады.

Жалпы Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бес прототипі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. COVID-19 вакцинасын жасау бойынша жұмыстардың барысына қызығушылық танытқан азаматтар ДДСҰ веб-сайтында вакцинаға үміткерлер туралы жалпы шолуды оқи алады. Вакцинаға үміткерлердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Қазақстан ғалымдары әзірлеп жатқан коронавирус инфекциясына қарсы кандидаттық вакцина клиникалық зерттеуден күзде өткізіледі. Сондай-ақ, мамандар коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болатыны туралы да айтты.

Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.