Қазақстанда алғаш рет күн электр стансасын салуға аукцион өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қуаты 20 МВт күн электр станциясын салу бойынша аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы жарияланды. Бұл жайында KOREM компаниясынан хабарланды.
24 қыркүйекте оңтүстік аймақта жалпы белгіленген қуаты 20 МВт күн электр станциясының құрылысына жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукцион өтті.
Сауда-саттыққа қатысуға 8 компанияға рұқсат берілді, қатысушылар 58 баға ұсынысын берді. Берілген өтінімдердің жиынтық көлемі — 160 МВт.
КЭС жобаларын іріктеу бойынша сауда кезінде 2024 жылғы шекті аукциондық баға 34,61 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз) болды.
Аукцион барысында қатысушылардан түскен өтінімдер 34,61 теңге/кВтсағаттан 14.95 теңге/кВтсағатқа (ҚҚС-сыз) дейінгі баға ауқымын құрады. КЭС салу жобаларын іріктеу бойынша бағаның бастапқы аукциондық бағадан төмендеуі 56,81%-ды құрады.
Аукцион қорытындысы бойынша «Ажур» ЖШС компаниясы жеңімпаз деп танылды. Жобаның белгіленген қуаты — 20 МВт, аукцион бағасы — 14.95 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз).
Жобаны Жетісу облысында орналастыру жоспарланып отыр.
Сауда-саттыққа Энергетика министрлігі, «EcoJer» қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы» ЗТБ, «Атамекен» ҰКП, USAID және АХҚО өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.
Бақылаушылар аукционның бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сай өткенін атап өтті, сонымен қатар аукционды ұйымдастырушы — «КОRЕМ» АҚ электронды сауда жүйесінің ашықтығын растады.
Айта кетейік, осындай сауда-саттық кеше де өткен болатын.
Аукцион барысында қатысушылардан түскен өтінімдердің баға ауқымы 34,61 –15.93 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз) аралығын қамтыды. КЭС салу жобаларын іріктеу бойынша баға бастапқы аукциондық бағадан 53,97% төмендеді.
Оның қорытындысы бойынша жобаның белгіленген қуаты 100 МВт, аукцион бағасы 15.93 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз) «Дамона» ЖШС компаниясы жеңімпаз болып анықталды.
Жоба Алматы облысында іске асады.
Қуаты 20 МВт КЭС салу жобаларын іріктеу бойынша келесі аукцион 25 қыркүйекке жоспарланған.