Қазақстанда алғаш рет жастардың IT лагері ұйымдастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде «Тең ІТ мүмкіндіктер әлемі» атты жоба басталды. Аталған бастаманың негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жастардың ақпараттық теxнологиялар саласындағы біліктілігін жетілдіру, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоба аясында алдымен өтінімдер қабылданады. Ал іріктеуден өткендер төрт күндік IT-лагерьге жолдама алады. Сол жерде олар бағдарламалау, өз жобаларын іске асыру, көшбасшылық бағыт және кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Лагерь аясында әлеуметтік салаға арналған IT жобалар конкурсы ұйымдастырылады. Соның нәтижесі бойынша үздік деп танылған жобалар қажетті техникалық жабдықтар түрінде гранттық қолдауға ие болады. Әр жобаға ментор бекітіледі.
Жоба әкімшісі Захира Бегалиеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп кезінен бастап оқу орындарының қолайсыздығы, әдістемелік оқулықтардың болмауы сияқты саналуан кедергілерге тап болады. Соның салдарынан жоғарғы оқу орнына түсу және жұмысқа орналасу кезінде қиындықтар туындайды.
«Тең IT мүмкіндіктер әлемі» жастар лагері» - бұл көпмодульді оқыту курсы ғана емес, сонымен қатар IT саласындағы тәжірибе. Бағдарламалау, веб-дизайн, жобаларды басқару, веб-жасақтау, үлкен массивті ақпараттармен жұмыс істеу, көшбасшылық құзыреттерін дамыту, шешендік, команда құру саласындағы ең үздік сарапшылардың дәрістерінен тұратын кіріспе курсы. Бағдарламаның қорытындысы бойынша шағын гранттар беріледі. Қатысушылар үшін басты мақсат - Қазақстанның барлық өңірінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жақсарту үшін өз идеяларын қалыптастыру және жүзеге асыру. «Тең IT мүмкіндіктер әлемі» жастар лагері» жобасының ең үздік түлектері жоба серіктестерінің біріне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады», - деді З.Бегалиева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Аталған бастаманың серіктестері - «Ерекше Таңдау Шелек» корпоративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» қоры. Жобаның әлеуметтік желідегі xэштегі - #ITeachMe.