Қазақстанда алғашқы мұнай мұражайы ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстанның мұнайгаз саласын насихаттаудың ғылыми, білім мен мәдени орталығы болуға тиісті бұл мұражайдың жәдігерлерін қазір оны құрушылар өз күшімен жинауда. Оған "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы мен "Мұнайшы" қоры үлкен көмек көрсетті. Қазіргі таңда қолда бар барлық жәдігерлер "Мұнайгаз саласының тарихы", "Мұнайгаз ісінің геологиялық- геофизикалық негізі", "Мұнай кәсібінің құрал-жабдықтары" деген 3 секцияға топтастырылып отыр. Болашақта олардың қатарын "Мұнайгаз білімі", "Мұнайгаз компаниялары", "ҚБТУ тарихы" деген жаңа секциялар толықтырмақ", дейді ҚБТУ-нің Мұнай, мұнайгаз инженериясы кафедрасының меңгерушісі Исмаил Абдулахад. Оның айтуынша, Қазақстанда баламасы жоқ мұндай мұражай қазіргі таңда Уфа Мұнай университетінде (Башқұртстан), Қытай Мұнай университетінде, Сеул университетінде (Оңтүстік Корея) және АҚШ, Норвегия, Ұлыбритания сияқты бірқатар елдерде бар. Қазақстандағы тұңғыш мұнай мұражайы ҚБТУ-дегі жыл сайын өтетін "Мұнайгаз индустриясын дамытудың инновациялық проблемалары" деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияның аясында ашылып отыр.