Қазақстанда әлі күнге мұражай жәдігерлерінің бірыңғай қоры жоқ - Д. Қонаев мұражай -үйінің директоры

АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда мұражай жәдігерлерін сақтауға арналған арнайы заң жоқ. Бұл 17-18 мамыр күндері Астанада өткен «Мұражай - тарих пен бүгінгі күннің феномені» деп аталатын халықаралық мұражайтанушылар форумында айтылды.

Қазақстанда әлі күнге  мұражай жәдігерлерінің бірыңғай қоры жоқ - Д. Қонаев мұражай -үйінің директоры

Онда «Мұражай креативті әлемде» деген тақырыпта баяндама жасаған Алматыдағы Дінмұхамед Қонаев мұражай-үйінің директоры Болысбек Батталханов журналистер, мұражай қызметкерлері мен мұражайтанушылар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша «Ең үздік мұражай жетекшісі» байқауының жеңімпазы атанып, «Самұрық құс» белгісі мен арнайы дипломмен марапатталған еді.

«Қазір шет елдерде мұражайлар өзіне көрерменді көбірек тарту үшін түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалмауы керек. Мұражай жәдігерлері сөредегі өлі зат болып қалмауы тиіс. Ол көрерменнің қызығушылығын сыртқы түрі мен сипатымен ғана емес, материалдық және рухани құндылығымен өзіне тартуы керек. Бұл үшін оны сақтап, жұртшылыққа таныстыратын қор сақтаушысы мен экскурсоводтың мұражайдағы маңызы мен рөлін көтеру керек. Ондағы ең басты бұл мамандар қазір ең төменгі 16-сатыға шегеріліп, олардың орнын кеңесші, ғылыми қызметкер сияқты қосалқы қызмет салаларының өкілдері басып отыр», - дейді Болысбек Заманбекұлы. Оның пайымдауынша, халықтың мұражайға көп келуі ең алдымен ондағы экскурсоводтың көрсететін қызметіне байланысты. Сондықтан онда мұражайтанушылар жұмыс жасауы керек. Арнайы мамандар болмаған соң оны қазір көбіне тарихшылар атқаруда. Ал онда әңгіме әр дәуірдің түрлі жәдігерлері жөнінде болу керек. Оған белгілі кезең бойынша маманданғандықтан көбіне-көп тарихшылардың біліктілігі жете бермейді.

«Қазір мұражай жәдігерлерін сақтау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан әр мұражай өз мүмкіндігіне қарай жәдігерді өзінше сақтайды. Мемлекеттің басты құндылығының бірі саналатын бұл жәдігерлер бүлініп, жоғалып кетсе оған ешкім жауап бермейді. Өйткені олар нөмірленіп, Мәдениет министрлігінде тіркелмеген», - дейді Б. Батталханов. Оның айтуынша, Дінмұхамед Қонаев мұражай-үйінің 3032 жәдігері Алматы қаласы әкімдігіне қарасты болғандықтан Мәдениет басқармасында тіркеулі тұр. Ол әкімшіліктің ресми рұқсатынсыз уақытша болса да ешқайда әкетілмейді және ешкімге де берілмейді.