Қазақстанда алкоголь өнімін шығарушылар 2016 жылға негізделген акцизді ағымдағы жылғы деңгейде қалдыруды сұрап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде алкоголь өнімдерін шығаратындар Үкіметтен 2016 жылға арналған акциз мөлшерлемесін ағымдағы жылғы деңгейде қалдыруды сұрап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАлко» қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап елдің экономикасына сыртқы факторлардың кері әсерінен алкоголь өнімін өндіретіндер қиын жағдайға тап болды. РФ-те 2015-2016 жылдарға акциз мөлшерлемесі 2014 жылдың деңгейінде қалуынан, көрші елдегі алкогольдік өнімнің бағасы Қазақстанға қарағанда арзандау болды. Осы орайда жеке адамдар РФ-тен Қазақстанға аталған өнімдерді тасымалдауды күрт арттырған. Алайда теңгенің бағамы еркін айналымға шыққаннан бері бұл жағдай тұрақталды.
Әміржан Қалиевтің пайымынша, отандық алкогольдік өнімге акциздердің артуы өндіріс көлемінің құлдырауына, бюджетке акциз алымдарын төмендетуге және бірқатар кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына алып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан нарығын көршілес елдердің өнімдері басып алуы ықтимал.
Оның айтуынша, ҚР Салық кодексінде қарастырылғандай акциз араққа қазіргі 480 теңге/л орнына 640 теңге/л -ге көтерілген жағдайда, яғни арақтың құнындағы акциздің үлесі 40-45 пайызын алатынын ескергенде Қазақстанда өндірілген арақтың ең төменгі бөлшек сауда бағасы жарты литрлік бөтелке үшін 800 теңгеге дейін өседі.
Бұдан бөлек Ә. Қалиев Қырғызстан жағынан арзан алкогольдік өнімнің тасымалы артатынын алға тартуда. Бұған олардың акциздерінің 2,5 пайызға төмен болуы себеп болмақ. Ол осының салдарынан көлеңкелі алкоголь өнімдері айналымы ұлғаятындығын атап өтті.