Қазақстанда алты ет кластері құрылып, астықты терең өңдейтін зауыттар салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2027 жылы жылына 228 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы тағы 21 тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте мал шаруашылығын, өнімді терең өңдеуді және агросаланы цифрландыруды дамыту міндеттері талқыланды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысы қойған міндеттер стратегиялық бағдарларды нақты экономикалық шешімдермен ұштастыруды талап ететінін атап өтті. Агроөнеркәсіптік кешен үшін бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, саланың құрылымын сапалы өзгерту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, еңбек өнімділігі мен саланың технологиялық жарақтандырылу деңгейін арттыру дегенді білдіреді.
— Жолдау елімізді одан әрі дамытудың нақты бағдарларын айқындайды. Біздің міндетіміз — қойылған мақсаттарды талқылаумен шектелмей, олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Әрбір тапсырма нақты жобалармен, инвестициялармен, іске асыру мерзімдерімен және өлшенетін нәтижелермен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов стратегиялық құжатта көзделген тапсырмаларды іске асыру тетіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Аграрлық сектордың қолжетімді қаржыландыру көздеріне қол жеткізуін кеңейту негізгі басымдықтардың бірі болады. Осы мақсатта бюджет қаражаты мен коммерциялық қаржы ресурстарын ұштастыру арқылы инвестиция тарту жұмыстары жалғасады. Қаржы мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу нысандарын салуға бағытталады.
Сонымен қатар саланы техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары жеделдетіледі. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы тракторлар мен комбайндарды жеңілдетілген лизингке беру жалғасады. Бұдан бөлек, сенім білдірілген агент арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға жеңілдетілген несие беру тетігі пысықталуда. Бұл тетікті Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін ескере отырып іске қосу және 2027 жылы қосымша қаржыландыру қарастыру жоспарланып отыр.
— Мал шаруашылығында өндірістік қуаттарды кеңейтуге басымдық беріледі. Қазіргі уақытта өңірлерде жылына 462 мың тонна сүт өндіруге арналған 71 тауарлы-сүт фермасының құрылысы мен іске асырылуы бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілген нысандарды жобалық қуатының 70%-ына жеткізу, ал келесі жылы толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарланған. 2027 жылға жылына 228 мың тонна сүт өндіруге арналған тағы 21 тауарлы-сүт фермасын қамтитын жобалар пулы қалыптастырылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар өндірістің толық циклі қамтылған алты ет кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында алғашқы ірі мамандандырылған мал биржасын салу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және шикізат экспортынан қосылған құны жоғары дайын өнім экспорттауға көшуге ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін өңдеу үлесі артты. 2025 жылы өңделген өнім экспорты 35%-ға өсіп, 3,6 млрд АҚШ долларына жетті.
Министрліктің мәліметінше, астықты терең өңдеу саласында 2029 жылға дейін жылына 5,8 млн тонна шикізат өңдеуге қауқарлы алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл кәсіпорындар крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және терең өңдеу нәтижесінде алынатын басқа да өнімдерді өндіруге бағытталады. Түркістан және Жамбыл облыстарындағы екі зауыт пайдалануға берілді.
АӨК-ті цифрлық трансформациялау аясында 2027 жылдың соңына дейін жасанды интеллект, дәлме-дәл егіншілік және «ақылды фермалар» технологияларын енгізу көзделген. Ал 2028 жылдың соңына дейін бірыңғай салалық Digital Agro Platform цифрлық платформасы мен Smart Data Agro деректер қорын құру жоспарланып отыр.
Бұл жүйелер саланың ақпараттық жүйелерін біріктіруге, талдамалық деректерге қолжетімділікті кеңейтуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін болжауға және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар мен перспективалы бастамалар туралы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша министр облыс әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, мал шаруашылығын, сақтау инфрақұрылымын және АӨК-ті цифрландыруды дамыту жөніндегі нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігіне енгізуді тапсырды.
Ұсыныстарда перспективалы инвестициялық жобалар, әлеуетті инвесторлар, инвестиция көлемі, қаржыландыру көздері, іске асыру мерзімдері және күтілетін экономикалық тиімділік көрсетілуі тиіс.
Айдарбек Сапаров әрбір бастама нақты инвестициялық ұсыныстармен және экономикалық есептеулермен негізделіп, іс жүзінде нәтиже беруі қажеттігін атап өтті.
— Формалды тәсілге жол бермеу маңызды. Әрбір бастаманың артында нақты инвесторлар, экономикалық есептеулер, айқын мерзімдер мен жеке жауапкершілік тұруы керек. Бізге есеп үшін жасалған тізімдер емес, нақты экономикалық нәтиже беретін жобалар қажет. Министрлік бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстайды. Мемлекет басшысының тапсырмалары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, — деп түйіндеді министр.
Белгіленген басымдықтарды іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді құрылымдық жаңғыртуды жеделдетуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға және Қазақстанның сыртқы нарықтардағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.