Қазақстанда алтын-валюта активтері қаншалықты ұлғайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан айында алтын-валюта активтері 133 млн долларға ұлғайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда алтын-валюта активтері қаншалықты ұлғайды

Алтын бағасының өзгеруі және екінші деңгейлі банктердің валюталық қалдықтарының төмендеуі өткен айдағы резервтер серпінінің негізгі факторларына айналды. Геосаяси тәуекелдерді іске асыру қымбат металға сұраныстың артуына басты себеп болды. Инвесторлар белгісіздік кезеңінде қашан да сенімді қорғаныш активі болып саналатын алтынға сенім артады.

«Ақпан айында алтынның бағасы бір унция үшін 1791 доллардан 1903 долларға дейін немесе 6,3%-ға өсті. Ең жоғары ауытқу 24 ақпанға тура келді, ол күні алтынның бағасы 2011 жылдан бері алғаш рет 1920 АҚШ долларын еңсерді. Ал наурыз басында алтынның құны бір унция үшін 2000 АҚШ долларынан асып, биылғы 8 наурыздағы жағдай бойынша 2070 деңгейіне жетті. Естеріңізге сала кетейік, алтын-валюта резервінде (АВР) алтынның үлесі үштен екіден көбін құрайды және осы үлесті төмендету аясында Ұлттық банк металдың қолайлы бағасы тұрғысында алтын сатуды жүзеге асырды. Ақпанның соңындағы жағдай бойынша алтын портфелі 380,2 тоннаны құрады», - деді Ә. Молдабекова.

Дегенмен, алтын бағасының өсуі мен оны сатудың оң әсері екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктегі шоттарынан валюталық қалдықтарының әкетілуімен, сондай-ақ валюталық интервенциялар жүргізумен ішінара теңестірілді.

Сонымен қатар ол Ұлттық қордағы валюта активтеріне қатысты түсінік берді.

«Алдын ала деректер бойынша, ақпанның соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда іс жүзінде өзгермей, 53,9 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен айда 264 млрд теңгеге кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлу мақсатында валюта нарығында 510 млн АҚШ доллары немесе 221 млрд теңгеге активтер сатылды. Трансферттердің бір бөлігі теңгелік шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, ақпанда қорға түскен валюталық түсімдер 1 195 млн АҚШ долларын құрады», - деді Ә. Молдабекова.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қорытындысы бойынша теріс қалыптасты және (-)657 млн АҚШ долларын құрады. Ақпан айының қорытындысы бойынша, дамушы елдер портфелінің инвестициялық кірісі (-)353 млн АҚШ доллары болып, 6,10%-ға төмендеді, акциялар портфелінің инвестициялық кірісі (-)344 млн АҚШ доллары болып, 2,3%-ға төмендеді.

Дамушы елдердің облигациялар портфелін теріс қайта бағалаудың негізгі себебі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың шиеленісуі болып отыр. Бұл ретте дамыған елдердің акциялар нарығына қысым – инфляцияның жеделдеуіне және АҚШ ФРЖ монетарлық саясатының күтілген күшейтілуіне алып келді.