Қазақстанда алынатын мұнайдың баланстық қоры 4 млрд. 847 млн. тоннаны құрайды - Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда алынатын мұнайдың баланстық қоры 4 млрд. 847 млн. тоннаны құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда алынатын мұнайдың баланстық қоры 4 млрд. 847 млн. тоннаны құрайды - Бозымбаев

«Қазақстанда 270-тен астам мұнай-кен орындары тіркелген. Биылғы жылдың басындағы жағдай бойынша алынатын мұнайдың баланстық қорлары 4 млрд. 847 млн. тоннаны құрайды. Олардың ішінде 75 пайызы Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарының қоры. Ал, жалпы осы салада жер қойнауын пайдалануға арналған 210 келісімшарт жасалған. Олардың ішінен 59 келісімшарт қорларды бағалау кезеңінде, ол баланстық мұнай қорларының 4 пайызын құрайды. Қалған кен орындары 21 пайызын алып отыр,- деді министр.

Оның айтуынша, кен орындары кеңес заманында жүргізілген барлау жұмыстары барысында табылған. Ал 2005-2015 жылдары аралығында 50 мұнай кен орны ашылды. Алынатын мұнайдың жалпы қоры АБС1 санаты бойынша 164 млн. тонна және С2 санаты бойынша 169 млн. тоннаны құрайды.

«Қазір игеріліп жатқан кен орындарының көбісі өзінің шынайы өндіру кезеңіне жетті. Олар Өзен, Қаламқас, Жетібай, Қаражамбас, Құмкөл және тағы да басқа кен орындары. Мұнай өндіру өндірісінің өсуін Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын игеруді күшейту мен геологиялық барлау жұмыстарын белсендендіру жолымен ғана жетуге болады. Осы бағытта геологиялық барлауға инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай жасау үшін Энергетика министрлігі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қоса, заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын атқарып отыр», - деді Бозымбаев.