Қазақстанда америкалық капиталмен жұмыс істейтін 590-ға жуық кәсіпорын бар – Мұхтар Тілеуберді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін елордада өткен «С5+1» форматындағы министрлер кездесуінен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2%-ға артық. Экспорт – 1,15 млрд доллар, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт – 1,89 млрд долларға жетті. АҚШ – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты. Ал былтыр алғашқы үш тоқсанда америкалық инвестициялардың көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,8%-ға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті. Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. АҚШ компаниялары Қазақстан нарығына жоғары қызығушылық танытуда», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Сонымен қатар баспасөз брифингіне АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де қатысты. Ол әлемдік мәселелерді шешуде Қазақстанның өзіндік ерекше орны бар екенін атап өтті.

Осыған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға алғаш рет келетінін хабарлаған едік.

АҚШ өкілі Қазақстанға келісімен ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады.


Соңғы жаңалықтар
telegram