Қазақстанда Ан-28 ұшағының жетеуі ғана қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Тоты Әмірова Қазақстанда Ан-28 ұшағының жетеуі ғана қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстанда Ан-28 ұшағының жетеуі ғана қалды

«Олардың үшеуі жарамдылық мерзімді өтіп кеткені үшін қазіргі таңда ұшпайды. Біреуі жұмыс істемесе, тағы бірі әуе апатының салдарынан қатардан шығып қалды. Ан-28 ұшағының екеуі ғана қалғандықтан, оларды азаматтық авиация комитеті тексеретін болады. Бұдан кейін инженерлер ол әуе кемелері қолданылатыны немесе қолданылмайтыны туралы шешім шығарады», - дейді Тоты Әмірова жеңіл авиациядағы әуе апаттарына қатысты өткізілген баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында шығып, құлаған Ан-28 санавиация ұшағының апатына қатысты пікірін білдірді.

«Қазіргі таңда тергеу амалдарының нәтижесін күткен абзал. Соған байланысты шешім қабылданатын болады. Әлбетте, ол да мүмкін (алдағы уақытта ұшуына тыйым салу туралы - авт.) Бізге жуық арада аталған ұшақтарды өндіретін зауыттан өкілдер келеді. Олармен қажетті кеңес жұмыстары жүргізіледі», - дейді вице-министр.

Еске сала кетсек, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр жыл басынан бері жеңіл авиация бойынша 5 әуе апаты тіркеліп, оның салдарынан 11 адам қаза тапқанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, 3 қазан күні Алматыдан Шымкентке ұшқан Ан-28 санавиация ұшағы әуе апатына ұшырап, 5 адам қаза тапқан болатын. 10 тамыз күні Алматы облысында Tecnam 2002 оқу-жаттығу ұшағы құлап, 2 адам көз жұмған. Осыған ұқсас жағдайда 25 шілдеде ұшқыш жазым болған. Ал бұдан бір ай бұрын Як-12 ұшағы апатқа ұшырап, 2 адам мерт болған еді.